01.06.2022
  443


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Адам неге адамды алалайды...

Адам неге адамды алалайды,
Бірін бірі сыртынан қаралайды?!
Құдайым-ау,
Түбіміз бір емес пе,
Жарамайды бұнымыз,
Жарамайды!
Адам неге адамды табалайды,
Бірін бірі жазықсыз жаралайды?!
Түбіміз бір емес пе,
Құдайым-ау,
Жарамайды бұнымыз,
Жарамайды!
Біреулері –
Тегіңді «аралайды»,
Себепсіз-ақ сүйекті саралайды.
Неге екенін…
Түбіңді түгендемей,
Ішкен асы бойына тарамайды.
Енді біреу –
Тексеріп дəулетіңді,
Сезікпенен сөз қылар сəулетіңді.
Ей, ағайын!
Төндіріп нəубетіңді,
Сала берме əуреге əулетіңді!
Күстаналап біреуі…
Жастығыңды,
Жеті атадан шідерлеп бастығыңды;
Бір шалуды өзіне мұрат тұтар,
Адам,
Қашан қоясың қастығыңды?!
Барлық қазақ бауырың,
Құшағыңды аш,
Жұта беріп қайтесің ашты мұңды?!





Пікір жазу