01.06.2022
  104


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Сезім

Бар тіршілік бастау алған бұлаң бел,
Шаң түсірме сезімге!
Пəк махаббат мансұқ еткен жұмақты,
Өз жұмбағы – өзінде!
Күйбең тірлік көмескілей алмайды,
Өртеді ме,
Жазым – ол!
Үмітті үрлеп,
Арманыңды жалғайды,
Нəзіктен де нəзік – ол!
Керең,
Соқыр,
Қатыгез де налыса,
Қайтуы да жылдам-ақ.
Өзін қиып,
Сыңары үшін алысар,
Тас қапастан мұндалап!
Сағынуы да,
Аңсауы да заңдылық,
Құштарлықтың құсы да?!
Ерліктерге ертіп кетіп таң қылып,
Күдігін де ұсынар…
Өмір-дағы өз тəртібін тықпалап,
Кедергі де етеді.
Сондықтан да сезім туын жықпаған,
Жандар ғана бақытына жетеді!
Өртену де,
Тоңуың да қолыңда,
Тек, арыңнан аттама!
Қиналдым деп бұрылма да жолыңнан,
Есімімді жатта да!
Жаным, менің,
Жалындай бер сағын да,
Қажет те емес жасырып.
Маринадай Пастернакқа табынған,
Бақытына бас ұрып…





Пікір жазу