01.06.2022
150
Кім біледі, оңалам ба...
Кім біледі, оңалам ба,
Оңам ба,
Оңай емес:
Маған,
Саған,
Оған да!
Сөз болып па:
– Қатыгездік көрдім, – деу,
Қатыгездік қамап алған қоғамда?!
Күлге айналып отқа түскен көмір де,
Тоз-тоз болып мүжіледі темір де.
Сөз болып па:
– Қатыгездік көрдім, – деу,
Қатыгездік қамап алған өмірде?!
Кескінінен сескенеді санам да,
Өркениет неге өшікті адамға?!
Сөз болып па:
– Қатыгездік көрдім, – деу,
Қатыгездік қамап алған заманда?!
Алаңдаумен,
Көз тігумен ақ нұрға,
Үміт артып үкіленген бақ-жырға,
Қол созамын,
Медетінен дəме етіп,
Қатыгездік қолтықтасқан тағдырға…