01.06.2022
  149


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Қорықпа, бауырым, ұрпақтан...

Қорықпа, бауырым, ұрпақтан,
Өмірге келген бұрқақта.
Жаманы бар да –
Жақсы бар,
Ақтара салмай сыр сақта.
Желіктіріп қоймас-ау
Сауығар заман сырқаттан?!
Қорықпа, бауырым, өркеннен,
Ол да гүл өскен өртеңге.
Кең дала – атамекені,
Отаны – жайлау,
Көркем бел.
Ғайыптан пайда болған жоқ,
Жалғасы ердің ел сенген!
Қорықпа, бауырым, жастардан,
Ұшқыны таудың...
Тастар да.
Керіге кетер бала аз,
Тəрбие тартса асқарға.
Жақсыға ол да құштар-ақ,
Онда да ойлы бас бар да?!
Қорықпа, бауырым, қорықпа,
Уəйім қылып,
Торықпа!
Құстар да,
Аң да,
Хайуан да,
Баласын баулар жорыққа.
Түйсігін түр де жолға сал –
Қамқор да болып,
Қорып та.
Түскен жоқ ешкім аспаннан,
Шықпайды шыңға жасқанған.
Менің де,
Сенің,
Оның да,
Жолымыз солай басталған.
Бесік те,
Уық,
Жебе де,
Иілген балғын жас талдан.
«Өнбеді...» дейміз,
Өнбесе,
(Əңгіме басқа – көнбесе).
Өшіріп ала көрмегін,
Алаулай берсін – сөнбесе!
Июін келтір, ендеше,
Қыюын келтір, ендеше!





Пікір жазу