01.06.2022
  117


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Күз жаңбыры құйып тұр...

Күз жаңбыры құйып тұр,
Ызғарлы жел...
Үдеген.
Барша маңай бұйықты,
Көңілдер де жүдеген.
Қараңызшы анықтап,
Жалғыз кемпір қаралы:
Қол арбаға табыт сап,
Молаға алып барады.
Пешенеге не шара,
Мезгіл ме бұл өлетін?
Кім болды екен бейшара,
Ешкімі жоқ көметін?!
Жас па,
Əлде, кəрі ме,
Іңкəрлікті сезген бе?
Тиын таппай дəріге,
Өзі өмірден безген бе?!
Кім болды екен,
Қалай бұл?
Тегі, өмір сүрді ме?!
Зар жылатып талайды,
Тірі өлік боп жүрді ме?!
Ғұмыр бойы тер төккен,
Əлде, адал пенде ме?
Жалғыз ба екен жер-көкте,
Жиналмаған ел неге?!
Қалай болған күнде де,
Ажалды кім ақтасын?
Ермепті жан мүрдеге,
Құдай содан сақтасын!





Пікір жазу