01.06.2022
  110


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Жетелеп желкен-талғамым...

Жетелеп желкен-талғамым,
Жүректі жасын жалдадым.
Сезімдей сырлы жырыммен,
Көңілді көктей самғадым.
Жырымнан шырақ жағылды,
Ысырып тастап сағымды.
Үкілеп үміт-пырақты,
Бəйгеге қостым бағымды.
Мұңына батып ғашықтың,
Созуға қолды асықтым.
Пысықайларды жасытып,
Парасаттыны тасыттым!
Азаттық жетті –
Ту алдым,
Қауымым үшін қуандым.
Күйзелген қартты көргенде,
Жанары болып суалдым.
Тек сенім сағын жықпадым,
Қиындық көп-ақ...
Ықпадым.
Обалдың қолын көтеріп,
Сауаптың жолын құптадым.
Əдетке сіңіп ғажайып,
Үзілмес үміт,
Азайып?
Көз жетсе – жіті қарайын,
Сөз жетсе – əлі жазайын!..





Пікір жазу