01.06.2022
  184


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Ей, бауырым!

Ей, бауырым!
Қайғы-зарым көп менің,
Көздің жасын көл де қылып төккенмін!
Жорта-жорта пақыр болған азапты,
Қорқа-қорқа батыр болған қазақпын,
Көкіректе өксік болып өткенім.
Ей, бауырым,
Көктен түстім деп пе едің,
Бірлігімен айбарланған текті елім.
Сұңқарлардың сияғымен сұстансам –
Тұлпарлардың тұяғынан ұшқан шаң,
Түгендейді тарихымның беттерін!
Ей, бауырым,
Жерден шықтым деп пе едің,
Көкте жүзген көрім-дидар кептерің.
Арам ойлы көне дұшпан бас салып,
Ала қойды бөле қырқу басталып,
Шаңға батқан бетегелі бөктерің...
Не көрмеді мына ұлы байтағым,
Талай сайқал шаңырақты шайқады.
Қырылсам да құл болуға көнбедім,
Ұрынсам да тұл дауылға сөнбедім,
Жөргегімнен ақиқатын айтамын.
Даланы көр бұл қазақты кім десең,
Дəстүрін біл бар болмысын білмесең.
Айып етпе тарихымды жимасам,
Айып етпе зар ұйқымды қимасам,
Келешекке төте жолмен жүрмесем.
Көктің ұлы,
Тəңір текті ерке едім,
Əділдіктің семсерінің серті едім.
Баянымды мойындаудан қашса жат,
Аянымды өріп беріп таспалап –
Шерімді де жан сырымдай шертемін.
Түсіндірем,
Мойындатам,
Сендірем,
Көндіруден көз ашпаған мөлдір ем.
Өрлігіммен өрісімді қорғап қап,
Ерлігіммен дұшпанымды торлап ап –
Шыңнан шыңға шыға берем мен кілең!





Пікір жазу