01.06.2022
  330


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Тұсаукесер

Нəрестенiң жанарында күдiк тұр,
Кейуананың көкiрегiнде үмiт кiл.
Жас сəбидiң кесiп жатыр тұсауын,
– Оу, болашақ! – дейдi, –
Бəрiн ұмыттыр!
Бабаң ұғып айтқан екен шешiмдi,
Ендi бiле бастағанда есiңдi,
Той жасалып,
Тiлектестер табысып,
Ақ ниетпен тұсауың да кесiлдi.
… Ескiлiктiң елесi емес, баяғы,
Бұл дəстүрiм қанатын кең жаяды.
Басы азат болуы үшiн алдымен,
Азаматтың азат болсын аяғы!
Алғашқы адым үзеңгiге ұмтылды,
Тойға келген талай жүрек бұлқынды.
Жолың болсын, айналайын, əмəнда,
Ешқашанда ұмытпағай бұл күндi!
Өмiрiңнiң өрiсiне еншi, бар!
Пешенеңе жазылатын еншi бар.
…Аярлыққа бармау үшiн ар аттап,
Соңғы адымды сезбеген де жөн шығар?!.





Пікір жазу