01.06.2022
124
Өмір саған келіп ем...
Өмір саған келіп ем,
Күнің болып күлмекке.
Ережеңе еріп ем,
Ілесіп ап дүрмекке.
Дүрмек шаңға көмілді,
Аяғы бар,
Басы жоқ.
Мансұқ етті өмірді,
Досы жоқ та,
Қасы көп.
Сосын,
Сосын…
Жол іздеп,
Жалыңа да жармасқам.
Құрығымнан қол үзбей,
Шықтым шыңға қар басқан.
Шыңның да көп шатағы –
Ызғары бар қаритын.
Күн ұяға батады,
Нұрын ертіп даритын.
Қайттым содан қарманып,
Қолдай көрші,
Қуатым.
Күнге аманат арманым,
Ертең қайта туатын!