01.06.2022
129

Үндi əнi
Бiр құйылып,
Бiр қалқып,
Шымырлатып жүректi,
Шырқалды əнi үндiнiң,
Көңiлiме гүл ектi.
Тербетiлдi толқындай,
Өрлеп көкке,
Шалқыды.
Өртке өзегiм шарпылды-ай,
Бар болмысым балқыды.
Əдемi қыз ырғалды,
Əрлеп əндi биiмен.
Айтылмаған сыр қалды,
Еске аламын жиi мен…
Сиқыр едi бұл қандай:
Алуан нақыш,
Мың ырғақ.
Перiште-əншi тұрғандай,
Құлағыма сыбырлап…
Жылатқан да,
Күлдiрген,
Əн менен би үйлесiп.
Əлi ыңылдап жүрмiн мен,
Алуан түрлi күй кешiп…