01.06.2022
  134


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Біз де өмірден көп көрдік...

– Біз де өмірден көп көрдік,
Бұл не қисса? – демеңіз.
Торқалы тойды өткердік,
Сексенге толып енеміз.
Ағайын-туған,
Дос-жаран,
Мақтауды бірден бастады.
Теңеуі қалмай қоспаған,
Көтеріп қартты тастады.
Алғандай бəрі келісіп,
«Тойлаңыз, – дейді – тоқсанды».
Үзілмей сөздің желісі,
Тоқсанға келіп тоқтады.
Енеміз сонда кейіді:
– Тоқсаннан басқа сан жоқ па?!
Бұзылған жұрттың пейілі,
«Жүз жаса!» дейтін жан жоқ па?!
Тосылды жұрттың біразы:
– Емеспіз қарсы аса біз.
Болсын тек Алла разы,
Екі жүз, тіпті жасаңыз!
Жүйрік-ау көңіл –
Көк дөнен,
Тəтті ғой өмір шіркін де.
Тоқсан жыл…
Жанға өлмеген,
Татымай тұр-ау бір күнге?!
…Ғұмырды жылмен өлшеме:
Ұмытып дүние-жалғанды.
Жүз жасқа мейлі келсе де,
Таусылмас пенде арманы…





Пікір жазу