01.06.2022
  99


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Қуанғанды қалаймыз...

Қуанғанды қалаймыз,
Қуанышқа құштармыз,
Орап өткiң келедi ренжитiн тұстарды.
Бiрақ жалған тiрлiкте көктемi бар,
Жазы бар,
Қосарланып қалмайтын қақап тұрған қыс бар,
Күз…
От күрсiнсем кейiме,
Көкiрегiм ұлып тұр,
Уа, Тəңiрiм, бақытсыз сəттерiмдi ұмыттыр.
Арманың да – Алатау,
Асқақтаған мұзарт шың:
Күнгейiн күн күйдiрсе,
Терiскейi тұнып тұр.
Алдыңда да екi жол:
Бiрi – күдiк,
Бiрi – үмiт.
Күдiкке ерсең – күйрейсiң,
Үмiтке ерсең – тiрiлiп.
Адасқанның айыбын бетке басу үшiн де,
Болмысыңда əрқашан
Болу керек iрiлiк!





Пікір жазу