01.06.2022
  108


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Еңкейте көрме еңсеңді

Тұманбай Молдағалиевқа
Ақын аға,
Жақын аға айбынды,
Аманында бұлт торлады Ай-Күнді.
Көрісейін,
Бөлісейін деп келдім,
Қабырғаңды қайыстырған қайғыңды!
Құралайды құндақтады қара түн,
Жалын жұттым,
Қасіретті жара тым.
Бірақ, ажал – айнымайтын ақиқат,
Ерте, кеш пе…
Бəріміз де баратын.
Жесірлердің көз жасы боп бұлаған,
Жетімдердің арманы боп жылаған,
Өзің едің өршілдікке шақырып,
Кеуделерде күмбірлеткен бұлақ-əн!
Құдіретің – Құдай берген қаламың,
Жаралы жыр жазса – жөні бар оның.
Құлыншағың естіп жатыр үніңді,
Ақық сөзден…
Ескерткішін қаладың!
Тастамастан жыр жазатын дəптерді,
Болаттайын берік болар сəт келді.
Жете алмадым,
Кешіре гөр, киелім,
Соңғы сапар көре алмадым… əттең-ді!
Жаратушы жарлысын да жебейді,
Қаралысын,
Жаралысын демейді.
Нағыз нардай абыз ақын сен шөксең,
Қалың жұртың –
Қара орманың не дейді?!
Тұмаш аға!
Керегең кең – кеңессең,
Қайық батып кете алмайды сен ескен!
Нұрлы көзді,
Сырлы сөзді таныған,
Бұла ақын,
Ұлы ақын емес пе ең?!
Пендесінің тарылтып ап тынысын,
Осылай да безбендейді ұлы сын.
Болғаныңмен Молдағали жұрнағы,
Сен қазақтың,
Хас халықтың ұлысың!
Жүрегіңді жұлмалама,
Бөлшектеп,
Сөз қалады соңымызда өлсек те!
Əлсіз екен,
Жалсыз екен демесін,
Қауымыңа қайсарлықты көрсет тек!
Түсінемін,
Аспантауың теңселді,
Ұтар ұлтың
Қиындықты жеңсең кіл.
Бүгін жырдың ақсақалы өзіңсің –
Босай көрме,
Биік ұста еңсеңді!





Пікір жазу