01.06.2022
  119


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Қанатынан қырау жауған қысқы күн...

Қанатынан қырау жауған қысқы күн,
Қызыл кешті қаусыра кеп құшты мың.
Бұйықтырып,
Ұйытқыды ұлпа қар,
Ұлпа қармен ішін тартып,
Ұшты мұң.
Жеткізбейтін алыс жолдар қалды ұзын,
Адасады көкейдегі жалғызым.
Жалғызымның жанары боп…
Шөлмектен
Мөлдірейді…
Шарап-тағы қан қызыл.
Сапырылып санадағы сан сұрақ,
Салмағымен жатыр жанды жаншып-ақ.
Көңіл шіркін…
Өмір сұрқын қашырып,
Жараланды,
Жапанда қап,
Қансырап…
Тұнжырайды жапырақсыз бақтардай,
Шын жылайды шер қамаған шақтарды-ай!
Көңіліммен үндескісі келгендей
Сүреңсіздеу…
Себелеген ақ қардай.
Өте шыққан əр күнімді парақтап,
Санадағы əр сəулені сабақтап,
Ашынамын…
Басыламын…
Содан соң,
Өз-өзімді кетем іздеп…
Шарапты ап…





Пікір жазу