Жұртым
Жұртым
Жаным – Қазағым,
Қақсаңшы дүр қанатты.
Қалды артыңда азабың,
Азаттықтың таңы атты!
Есеңгіреп қалдың ба,
Есіңді жи жалықпай!
Ұлы мұрат алдыңда,
Адымдай бер алыптай!
Қолтықтасып,
Жұптасып,
Арман құсын аяла.
Алға ұмтылмай нық басып,
Елің өркен жая ма?!
Бөрі бөлген отардай,
Үркектеме,
Шошынып,
Болмайды енді от алмай,
Рухтанбай –
Осыны ұқ!
Келешек кеп тұр ғажап,
Ұрпақ соны құптасын.
Барлық қазақ – бір қазақ,
Сап түзе,
Қол ұстасып!
Əкім емес мақтарың,
Батырың мен ақының.
Енді ағыңнан ақтарыл,
Əрбір қазақ жақының!
Жылжы, қандас,
Күнде азат,
Елге қарай ақырын,
Барлық қазақ – бір қазақ,
Жалғыз қазақ – жақының!
Шыдаған да – сол қазақ,
Жылаған да – сол қазақ.
Сынаған да – сол қазақ,
Ұнаған да – сол қазақ!
Сол қазақты сақтау да,
Інжуі деп ізгі елдің,
Жақыным деп жақтау да,
Борышымыз біздердің!