01.06.2022
116
Шайқағанмен шерімді шағала-мұң...
Шайқағанмен шерімді шағала-мұң,
Тағдыр, саған не кінə таға аламын?!
Бастықты емес,
Байды емес – өмір бойы,
Жаны жайсаң жақсыны жағаладым.
Жағаладым –
Жүрегім нұрлансын деп,
Шарапаттан шуақты үлгі алсын деп.
Сыр құйылған санама сəбиімнен:
«Еркек тоқты ел үшін құрбансың» деп.
Ізгілінің індетіп ізін кестім,
Ширығармын – ширықсам,
Үзілмеспін!
Үйлесімді,
Келісті балғын кезде –
Сұлулыққа сұқтанып сүзілмес кім?!
Тұрғанымен қабағың жиі үскіріп,
Тірлігімді еңбекпен түйістіріп,
Сезімімді санаммен сүйістіріп,
Сарай салдым санама сəулетімен –
Жақұт жырдан жасауын жиыстырып!
Еншілеген тегіммен тəубе етуді,
Дəме қыла қойғам жоқ дəулетіңді.
Мені қойшы…
Көнбістен көн кигенмін,
Тізгіндеме тəуелсіз əулетімді!