01.06.2022
  97


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Түнектi түн.

Түнектi түн.
Ой қамайды.
Алаңмын,
Сыймас сыр көп санасына адамның.
Қара аспанның тесiгi –
Телмiредi Ай,
Терезесi сияқты өзге ғаламның…
…Тас мүжiлiп…
Соққан сансыз самалдар,
Бiзден кейiн өтер талай адамдар.
Əрбiр адам мүлде бөлек бiрақ та,
Мынау жұмбақ тiрлiктi ойлап,
Алаңдар.
Екi дəуiр ортасында қалған бiз,
Бiрде – тарих,
Ендi бiрде – жалғанбыз.
Ақылдымыз өткен ұрпақ алдында,
Келешектiң алдында ғой –
Аңғалмыз.
Əр заманның өз жүгi бар көтерер,
Əр ұрпақтың өз парызы өтелер.
Кешегiнiң соқпақтарын iздейiк,
Ертеңгiге шылбыр берiп жетелер.
Өмiр өтер
Жəдiгер боп құм басқан,
Дəуiрлерде үйлесiм бар жымдасқан.
Сабақтасып,
Жалғас тауып жатады,
Жұмыр жердi дөңгелентiп,
Тынбастан.
…Кейде менi қорқау ойлар қамап ап,
Күлетiндей көздi шұқып,
Табалап.
Сығалаймын түнгi Айға телмiрiп,
Жырым-жырым жүрегiмдi жаралап…





Пікір жазу