9-монолог
Сiздi ойлаймын
Бəрiнен де безiнiп,
Сiздi ойлаймын
Ет жүрегiм езiлiп.
Қолға қонбас құсым болсаң –
Қайтейiн,
Ең болмаса,
Жүршi ойымда кезiгiп.
Бас ұрайын,
Басылайын,
Сол сыйыңды сезiнiп…
Сiздi ойлаймын
Мұң мұхитын аралап,
Сiздi ойлаймын
Жанымды да жаралап.
Махаббаттай ұлы сезiм тербесе –
Бекершiлiк,
Сансырау да саралап!
Ойламайтын,
Бойламайтын,
Қалмады ғой шара да…
Сiздi ойлаймын
Дауылдатқан ақпанда,
Сiздi ойлаймын
Көк жұлдызын жаққанда.
Сiздi ойлаймын
Алаулаған ақ таңда,
Сiздi ойлаймын
Қиял қанат қаққанда.
…Сiздi ойлаймын
Бəрi тыным тапқанда…
Сiздi ойлаймын
Бiледi оны жаралы Ай,
Сiздi ойлаймын
Бiледi оны қарағай.
Бiледi оны:
Тұнжыр бақта құрақ та,
Əппақ қар да,
Сыңғыр қаққан бұлақ та…
Тек Сiз ғана,
Жүрсеңiз де жырақтап,
Көкiректе тұнған тұман тарамай.
Жалғыз Сiзсiз
Бiлмейтұғын бұнымды,
Өзiм жұтам,
Сездiрместен мұңымды.
Шаршамаймын,
Аңсамаймын тынымды.
Бөгде кiмге
Ақтара алам сырымды,
Сiзге ғана
Жайып салам шынымды…