1-монолог
Демеңіз:
«Ауысқан ба есі мүлдем»,
Жеткенмін бұл күнге де кешігумен.
Сіз менің Кием десіз,
Ием де – сіз,
Қашан да қақпай кірер есігімнен!
Мен мəңгі іздегенмін Өзіңізді:
Түсімде елестетіп көзіңізді.
Түндерде тыншымды алған тынысыңыз,
Самалдан сомдағанмын сөзіңізді!
Іздегем алып-ұшып…
Тапқанмын да,
Бірақ та…
Сезген сайын батқам мұңға!
Тынысы өзгермеді түндердің де,
Ажары ашылмады ақ таңның да…
Əлі де күтудемін…
Аласұрып,
Көңлімді бұлт торлайды қара-сұры.
Өзіңіз таппасаңыз бір шешімін,
Жанымның табылмады жарасымы.
Түсетін көзге бірден тұлымшақтай,
Қыз-ғұмыр қашан-дағы…
Ұрыншақ та.
Жайқалған жан сырымды жайып салдым –
Жоғалтып алмайық деп шырын шақты.
Өмірде Сіз де,
Мен де алданғанбыз,
Албыртып малданғанбыз,
Таңданғанбыз.
Ешқашан айырылып кете алмаймыз –
Сезімнің сəулесімен жалғанғанбыз.
Өзімнен өзім қаштым…
Қинаған соң,
Кермек шер көкірекке симаған соң.
Бəрібір ешқашан да қимайды екем,
Бақыттың тамшы балын сыйлаған соң!
Мен Сізді…
Жан-тəніммен сүйеді екем,
Маздатқан шоғыңызға күйеді екем.
Бұғаусыз,
Бұлғақтаған өр басымды,
Тек Сізге,
Сізге ғана иеді екем!
Өтінем,
Жетіңізші…
Өртеді мұң,
Сіз емей…
Көңіл күйін шертеді кім?!
Солды ғой күзгі гүлдей еркелігім –
Еліне ертіп кетші ертегінің!..
Баураған жүрегімді есіл Ерім,
Ғашықпын –
Содан бəрін кешіремін!
Сіздің де жəйіңізді түсінгенмен,
Жандағы өртті қалай өшіремін?!
Жаным-ай!
Қуанттың да,
Қинадың да,
Ынтыққан құшағыңа сыймадым ба?!
Селдеткен сезіміңді сыйлағанмен,
Шөлдеткен шаттығыңды қимадың ба?!
Бүгін де болып алдым мықты аңызшы,
Менің де жағдайымды ұқсаңызшы!
Екі оттың ортасында күйіп кетпей –
Бел шешіп…
Бір жағаға шықсаңызшы!..
…Арылып адастырар күдіктен шын,
Қорқау ой қаумалаған іріктелсін.
Тəуліктің қай мезгілі болса-дағы,
Көп күткен отауыңа кіріп келші!