01.06.2022
164
Шарапты жұттым тамсана...
Шарапты жұттым тамсана,
– Жанасың, – дедi – тозақта.
Сұлуды құштым қаншама,
– Түсесiң, – дедi – азапқа…
Тарқаттым құмар сейiлдеп,
– Қаласың, – дедi – обалға.
Күнаға ғана бейiмдеп,
Жараттың неге, о, Алла?!
Амал не, əттең…
Өкiнем,
Түсiнем намаз қазасын.
Жусам да бəрiн шетiнен,
Қалмаспын сiрə, жазасыз?!
Ұнатып,
Сүйiп,
Құныға,
Iстеген iстiң бəрi – кiр.
Көне ме пенде бұныңа,
Ұмтылар соған бəрiбiр?!
Өмiрдi олай екшесең,
Таныстың бəрi «күнаһар».
Тəңiрiм, өзiң шешпесең –
Не iстесiн жалғыз пiрəдар?
Жарайды,
Тiптi, алдансам,
Жосығын кiмнен сұрайын?
Жұмақта жалғыз қалғанша,
Тозаққа-ақ беттi бұрайын!..