Уа, сезім!
Уа, сезім!
Түсінбедім мен сені,
Түсінгенше езіп біттің еңсені.
Тіліп түсті көңілімнің кеудесін,
Сағымданған сағыныштың семсері.
Түсінбедім:
Көзді қапқан шаң ба едің,
Арманымда арайланған таң ба едің?!
Əлде,
Əлде…
Құрбаныңды аңдитын,
Тырнағыңды тығып жүрген аң ба едің?!
Түсінбедім:
Санадан да кең бе едің,
Қиялдағы сəулелермен тең бе едің?!
Əлде,
Əлде…
Бөгетке де бой бермес,
Дүниені дүрліктірген сең бе едің?!
Мүмкін,
Бəлкім…
Қорқытатын қаттымен,
Таңдайымда мəңгі татыр тəтті ме ең?
Мейлі,
Мейлі…
Тынысыңнан жұтқызшы,
Күтудемін кереметтей сəтті мен!
Бар білерім:
Əлденеге ынтықпын,
Тар кеудеде жүрек болып тұншықтым.
Түпсіз түнде түртінумен өте алман,
Таң түріліп,
Күлімдеген Күн шықсын!
Естиін бір сырнайыңның сазын мен,
Сезінейін сүйкіміңнің жазын мен.
Айдыныңа қатар қонып қазыңмен.
Кернетші бір,
Тербетші бір назыңмен!
Гүлің болып қадамыңа төгілген,
Тамшы болып кірпігіңнен сөгілген,
Шашылайын…
Басылайын, содан соң,
Қалықтайын,
Шарықтайын көгіңде!
Өзің болдың есімді арбап,
Қинаған,
Ғажайыпсың санама да сыймаған.
Өмір бойы өрекпідім,
Жетеді!
Балдай тəтті,
Сондай сəтті қый маған!