01.06.2022
  128


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Ұмтылып ұлы таңыма...

Ұмтылып ұлы таңыма,
Үңiлем тылсым жаныңа.
Көңiлiңнiң көркем төрiне
Ымырт боп,
Мұңға малына –
Құйылғым келдi тағы да.
Қоңырау болып қағылар,
Арай боп,
Нұр боп ағылар,
Күрмеген күлiм көзiңе
Жарқ еткен жанда шағыла –
Сыйынғым келдi тағы да.
Iңкəрлiк шамы жағылар,
Ынтықтың ықылым шағы ма?!
Үр бейнең еске түскенде –
Делебем қозып,
Қағына…
Табынғым келдi тағы да!
Қасқайып сезiм оғына,
Қарсы ұшып сор мен бағыма,
Шаттықтың шайқап тұнығын –
Атойлай жетiп,
Ағыла…
Сағынғым келдi тағы да!
Бағына берiп,
Бағына,
Тағдырға несiн шағынам?
Алқызыл,
Алау ерiннiң,
Мас болған талай балына –
Шөлдегiм келдi тағы да.
Ғашықтың дертi – жалын-ай,
Шашыңның əрбiр талынан
Иiскегiм келдi балқып бiр –
Кепкендей көнiм,
Сағына…
…Тербегiм келдi тағы да…





Пікір жазу