01.06.2022
  180


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Қайтейін, қойдың, жаным, сағындырып...

Қайтейін, қойдың, жаным, сағындырып,
Елітіп,
Емірентіп,
Сабылдырып.
Еркіңе болмысымды бағындырып,
Көркіңе көңілімді табындырып.
Қиялды қияндатып,
Қағындырып…
Сыймайды тар кеудеме күрсінісім,
Жүректің жиілеген дүрілісің.
Күлесің,
Қиыласың,
Назданасың –
Сезімнің жаңа ашылған бүршігісің.
Барады бойым балқып,
Ойым қалқып,
Жоғалтпай жанарыңнан жүрші, құсым!
Тербеші,
Тебірентші сезімімді,
Сен жоқта мына өмірдің өзі мұңды.
Жалындат,
Күйдір,
Жандыр,
Өртеп жібер,
Қайтесің таразылап төзімімді?!
Дауылдат,
Буырқандыр,
Шарықтатып,
Көгінде көңілімнің қалықтатып.
Өзіңді көрмеген күн –
Өмір емес,
Сен болып тербеген сəт –
Анық бақыт!





Пікір жазу