01.06.2022
  108


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Көрiнбейтiн жiбек жiптей тартылған...

Көрiнбейтiн жiбек жiптей тартылған,
Нəр аламын жаныңдағы жарқылдан.
Толқын болып тербетесiң жүректi,
Шағаламсың –
Көкiректе шарқ ұрған.
Жүрек шiркiн жиiлете қағады,
Жанардан жас жұлдыз болып ағады.
Сезем, жаным, сезiмiңнiң ырғағын,
Алқынасың…
Сен де аңсап жағаны.
Зағиптайын қараңғыда қарманған,
Ұмтыламыз саңлау iздеп бар маңнан.
Су себемiз…
Өрши түскен жалынға,
Бақыт өрiп арайланған арманнан.
Бұлқынамыз…
Ұмтыламыз құшаққа,
Құлпырамыз…
Сынық сəтті тұсап қап.
Амал қанша, тежей-тежей тiлектi,
Ынтығамыз…
Iңкəрлiктi пышақтап!…
Абыржыған ақылға да дес бермей,
Екеумiздi iздейтiндей кештер де.
Серт ете алам,
Мерт ете алман бұл күйдi,
Бақытымнан бас тартпаймын кеш келген!
Нəр алам да жаныңдағы жарқылдан,
Бас иемiн сезiмiңе алқынған.
Толқын болып тербетесiң жүректi,
Көңiлiмнiң шағаласы…
Шарқ ұрған.
Өмiр мынау…
Тiршiлiкпен тұсалған,
Ұстатпайды,
Жеткiзбейдi құс-арман.
Сағыныштан сарғаяр ма ем соншама,
Менiң-дағы қанатым жоқ ұшарға…
Сен жоқ кезде ой отауда қаптар мұң,
Жалынынан таңғажайып шақтардың.
Жаным, сенен жасырайын несiне,
Көре алмасам…
Тұра алмауға шақ қалдым…
(Жан сырымды,
Бар шынымды ақтардым.)





Пікір жазу