01.06.2022
  124


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Сəулелі сезім

Мың өртеніп,
Мың өшкенмен алқынып,
Махаббатпен жолықтық па бетпе-бет?!
Сан сұлудың құшағында балқыдық,
Жалынбадық:
«Кетпе!» деп.
Бірі – кетті,
Бірі – келді алмасып,
Сар даланың сағымындай ғайып боп.
Ешбірінің етегіне жармасып,
Жалынбадық…
Айып көп!
Бірі – қылтың,
Бірі – сылқым,
Бірі – от,
Əрқайсысы өзді-өзінше қылықты.
Ынтық,
Лəззат,
Іңкəрліктің түрі көп,
Сиқыр сырдың жұмбағын кім біліпті?!
Жо-жоқ,
Сезім сəулелі екен,
Киелі,
Кездестім мен көктеміне ғашықтың!
Ағытылды көңілімнің тиегі,
Аяладым арманымды тасып бір.
Жолықтым да…
Жандым-күйдім тағы да,
Болмысымды баурап алды мөлдір мұң.
Еніп кеттім бақытымның бағына,
О, Махаббат!
Дегеніңе көндірдің!
Үні-өзге,
Түрі-бөтен басқадан,
Көңілі де күлім қаққан көктемдей.
Өзіме де мойындаудан жасқанам,
Сүйген сəулем ғарыш-көктен жеткен бе?!
Қалжырап ем,
Қайтадан дүр түледім,
Қанат бітті қаталаған арманға.
Езілердей елжірейді жүрегім,
Менен, сірə,
Бақыттырақ жан бар ма?!





Пікір жазу