01.06.2022
  86


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Сылқылдай сүйiп жағаны...

Сылқылдай сүйiп жағаны,
Тасбұлақ сыңғыр қағады.
Тiзiп ап мөлдiр тамшыны,
Бiр тыным таппай ағады.
Түбiнде шағыл жылтырар,
Жағада жалбыз құлпырар.
Айнадай бетiн айғыздап,
Шудасы бұлттың бұрқырар.
Бойымда қаным бұлқынар,
Ол да бiр бұлақ –
Сыр тұнар.
Қуаныш емiп,
Қайғы езiп,
Толассыз ол да жұлқынар.
Жұлдыз боп кейде жылтырар,
Құйқалы қырға ұмтылар.
Өмiр де ағып барады…
Көңiлде мұнар мұң тұрар.
Сылқылдап сүйiп жағаны,
Тасбұлақ сыңғыр қағады.
Көмескi күздiң көзiнен,
Жанымның жасы тамады…





Пікір жазу