01.06.2022
  134


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Көктем

Нұрын төккен,
Үміт еккен,
Күлім-көктем жеттің бе:
күндерді ертіп күркіреген,
жаңбырды алып сіркіреген,
табиғаттың тынысындай –
бір түлеген,
дүркіреген?
Нұрын төккен,
Үміт еккен,
Күлім-көктем жеттің бе:
қауызын ашып гүлдердің,
тынышын ұрлап түндердің,
ұмсындырып,
күрсіндіріп,
тынысын тербеп…
үндердің?
Нұрын төккен,
Үміт еккен,
Күлім-көктем жеттің бе:
көңілдің күйін кернетіп,
сезімге қанат серметіп,
бойдағы қанды қуалай –
жүректерді тербетіп?
Нұрын төккен,
Үміт еккен,
Күлім-көктем жеттің бе:
алдағы күнге ұмтылтып,
тіршілік тінін бұлқынтып,
қытымыр қыстан құтылған –
өмірдің жүзін құлпыртып?
Сезімге сəуле септің бе,
Көңілді күпті еттің бе?..





Пікір жазу