01.06.2022
  102


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Өзгеше көрген...

Өзгеше көрген:
Қайыңды,
Гүлді,
Аспанды,
Қуаныш-қайғы,
Күлкі мен мұңды –
Басқаңды;
Былайғы жұрттың байқамағанын байқаған,
Күлкіге ойсыз күйініп басын шайқаған,
Əр жырмен бірге туатын күнде қайтадан –
Өлең ғой ақын,
Оның да мəңгі жас жаны!
Жүдейді ақын жүрекке қалай жетем деп,
Үдейді шері тірлікке ерсі тепеңдеп.
Өмірге ғашық,
Көңілге асық болмысы,
Ақынды сөкпе,
Əйелге ғашық екен деп.
Əйелге ғашық,
Əлемге ғашық көңілмен,
Гүл-сезімдерге сəуле боп ақын төгілген.
Сүйініш болып,
Күйініш болып алқынып,
Сырлы саз болып,
Нұрлы жаз болып талпынып,
Махаббатының мұхит-мұңына малтығып,
Өтері анық…
Өкініш атты өмірден.
Мəніне ғашық,
Сəніне ғашық ғаламның,
Əріне ғашық,
Бəріне ғашық адамның.
Сондықтан-дағы махаббат дерті сырының,
Сондықтан-дағы махаббат серті жырының,
Сүйсініп тұрып ойының түйген бұрымын,
Бəріне ғашық…
Мəжнүні ақын заманның.
Құдірет-сонда:
Теңізді шайқар толғаса,
Жылай да алар…
Кемшілік емес ол да аса.
Сезімі үшін, адамдар,
Оны сөкпеңдер,
Өледі ақын:
Сүймесе,
Ғашық болмаса!
Өтінем сұрап,
Ол – мөлдір бұлақ,
Сөкпеңдер!
Мазасын алма,
Ақылыңды айтып,
Өктемдеп!
Арманы – азық,
Жүрегі нəзік баладай,
Аңғал ғой ақын күзіңнің өзін көктем дер…
Қас-қағым сəтін…
Өзінше ғана саралап,
Өмірге-дағы өзгеше көзбен қараған,
Əлем бесігін əлдилей алар ғазиз жан –
Өлмесе екен…
Адамдар салған жарадан!





Пікір жазу