01.06.2022
144
Жалған сөйлеп азабың да артады...
Жалған сөйлеп азабың да артады,
Абыройдан айырылады Ар тағы.
Күмілжисің…
Көңілдерді жыға алмай,
Тек жыр ғана төтесінен тартады.
Кейде, тіпті,
Көп сөйлейсің көпіріп,
Сапырасың жылтыр сөздің нөпірін.
Жанға жара түспесін деп…
Жортасың,
Тек жыр ғана айта алмайды өтірік.
Өтірігің…
Жаңғырығып қайтады,
Жүректегі жанартауың шайқалып.
Мəнсап,
Дəулет,
Бет-жүзіңе қарамай,
Тек жыр ғана ақиқатты айтады.
Өмір – мұхит,
Жыр – шындықтың аралы,
Əлем – мұңды,
Демек жыр да қаралы.
Тура жолдан таймау үшін таласқан,
Жыр жүрегі қашан-дағы жаралы…
Тəубесіне келтіріп бір пендесін,
Дабыл даусың саналарға дендесін.
Адалдықпен арқалайын жүгімді,
Уа, дəрі жыр,
Жүрегімді емдеші!