01.06.2022
  151


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Сирексіп кетсе өлеңнің өрті тақпа наз

Сирексіп кетсе өлеңнің өрті тақпа наз
Жақсы жыр үшін сағат та,
Күн де,
Апта да аз.
Мұхиттан сөздің маржанын теріп жүрмін ғой,
Ақынның ары –
Алдында жатқан ақ қағаз!
Ақты ақ деудің өзі де кейде қиындау,
Сезімің тайса,
Жүрекке жайсаң – миың жау.
Ақынның ісі,
Ақынның серті қашанда,
Əділдік үшін ұлықтарға да сыйынбау!
Ұмытқан тұста:
Ұятты,
Обал,
Сауапты,
Құныққан тұста даңғаза дертке дау атты,
Ұлыққа сөзін ұқтыра алмай жүрсе де,
Шылыққа əрбір…
Ақын да бірдей жауапты!
Қараның құны шарықтап кетсе базарда,
Молайып мұңы,
Халықтың жаны азар да?!
Көлеңке көпке шашпауы үшін топырақ,
Бəрін де ақын ұстауы керек назарда!
Қуаныш көрсе –
Шырқауы керек құс болып,
Қайғыны бөлсе –
Бұрқауы керек күш болып.
Қажеті болса:
Жетімге,
Қартқа,
Ғаріпке,
Беруі керек жүректің өзін үш бөліп!
Қатені көріп,
Үндемей қалу – ұлы сын,
Тексізді тезге салғанда ғана тірісің.
Санада сəуле жанғанда ғана ірісің!
Болмаса – бекер,
Былайғы көптің бірісің…





Пікір жазу