01.06.2022
  159


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Өзіңсің – аңсағаным!

Мен сені іздегеннен жалықпаймын,
Таппасам – тарықпаймын.
Жақұт жыр!
Сен бар кезде анық баймын,
Қуанам – қалып қайғым.
Іздеймін,
Аласұрам,
Шегінбеймін:
Шуақ боп төгіл, мейлің,
Күздегі жапырақ боп сөгіл, мейлің,
Табамын – жеңілмеймін!
Ризамын,
Дауыл болып шайқасаң да,
Күшімді байқасаң да.
Жібермеймін…
Құшақ боп айқасам да,
Кетпейсің қайта самғап.
Гүл болып,
Одан кейін өріл, мейлің.
Қас болып керіл, мейлің
Іздеуден мен өзіңді ерінбеймін,
Тынбаймын,
Берілмеймін!
Құс болып оралсаң да қарсы аламын,
«Жаным!» деп жар саламын.
Күтемін таусылса да барша амалым,
Өзіңсің – аңсағаным!
Күн зулап күн артынан өтеді де,
Ертіп ап жетегіне.
Одан да орал қайта мекеніңе,
Парнастың етегіне…





Пікір жазу