01.06.2022
  147


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Шайқаған сезімімнің дауылын шын...

Шайқаған сезімімнің дауылын шын,
Жасын жыр,
Білесің бе – бауырымсың!
Сен менің бірге өсіп,
Бірге көшкен
Туған жер,
Алтын бесік – ауылымсың!
Аптыққа,
Шаттықа да малтықтырған,
Дертімсің,
Дəуренімсің,
Дəуірімсің!
Сездірген ғашықтықтың күйік күшін,
Сен маған арлы арудай сүйіктісің!
Өзіңсің өмірімді өртке ораған,
Сондықтан түсінуге тиістісің!
Желкенін сенімімнің үрлесеңші,
Жоқ əлде,
Жеткізбейтін биікпісің?!
Бауырсың мейірімі тарқамаған,
Демеуден,
Дем беруден шаршамаған.
Қайтеміз, бауыр болмай қасиеттім,
Арман ортақ екеуміз арқалаған?!
Бір төстің нəрін емген сəбиміз біз,
Қандас болмай тегіне тарта ма адам?!
Өкінбен,
Зор мəнсапқа жетпедім деп,
Өкінбен,
Бірді екі етпедім деп.
Шыдаймын қандай болсын азабыңа,
Қалдырып жол ортада
Кетпе күндеп!
Жағамын жарқыратып жұлдызыңды,
Жүрсің деп ұқсата алмай сөкпегін тек!





Пікір жазу