01.06.2022
  129


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Ататүрiктiң ақырғы аманаты

I
Көкжиекке ақырғы рет қарады
Ататүрiк …
Өмiр өтiп барады…
Кiм бiледi,
Көзi ненi көрдi екен,
Ал көңiлi…
Көрдi Ұлы Даланы!
Шырайланып шақырғандай шын бағы,
Аманатты арқалаудан тынбады.
Өсиетiн өркенi етiп кетпек боп,
Кеңесшiге:
«Берi кел», – деп ымдады.
– Кешiкпеймiн,
Бақиға бет бұрамын,
Менi шыңға алып шықшы, шырағым.
Емiс-емiс,
Талып қана алыстан,
Үн жетедi…
Шақырғандай Тұраным!
…Нөкерiмен көтерiлдi талмастан,
Құзды шыңға көкiрегiн қар басқан.
Үлгiрудi,
Бiлдiрудi аңсаған –
Соңғы сейiл:
Өлiм-өмiр арбасқан.
Соңғы сейiл –
Соңғы үмiттей Алдаспан,
Сенiм болып күмбiрледi сан дастан.
Күншығысқа қарай қолын созды да –
Былай дедi,
Ататүрiк – Нарқасқам:
– Ұмытпаңдар!
Бiздер жалғыз емеспiз!
Санамызда жарқырайды көмескi iз –
Ұмытпаңдар,
Атажұртты, ағайын,
Дарақ-тағы жайқалмайды желексiз!
Түркiстансыз түгелденбес ажарым,
Түркiстансыз жiгерленбес ғажап үн!
Шаңыраққа ие болып сонда отыр,
Өр Түрiктiң кiндiк ұлы – Қазағым!
II
Сол мекеннiң туралғанда түндiгi,
Зарлатқанда құлдығы мен күңдiгi,
Ақтап та алған,
Сақтап қалған Қазақ-ты –
Бар түрiктiң Өрiсiнiң кiндiгiн.
Шыққанда бар мұңлығы мен сұмдығы,
Шаң-түтiнге көмiлгенде Күн нұры,
Қасиеттi шаңырағын Түркiнiң –
Қазақ едi сақтап қалған, шындығы.
Ал, сол Қазақ…
Көрдi талай зұлматты,
Жан алысып,
Жан берiсiп, түн қатты.
Ақырында көп аңсаған Арманы –
Қонды қолға – Азаттығы қымбатты!
Дос қуанып,
Дұшпан жатты абыржып,
Тəуелсiздiк таңы атқанда тамылжып.
Кеңестiң сол –
Ресейдiң боданы
Еңсе тiктеп,
Егемен боп танылды.
Тар кезеңде,
Тарих үшiн қас қағым,
Ата жұртта жаңғырықты асқақ үн.
Жалтақтамай қабағына ешкiмнiң –
Сара жолда
Өз сапарын бастады.
Жарқын хабар жарты əлемге тарады,
Бiреу – сендi,
Бiреу үрке қарады.
Ататүрiк аманаты аңсаған –
Түркия елi
Сын сағатта жарады:
Бақыт құшқан бауырларын қаны бiр,
Жүрегiмен,
Тiлегiмен жаныды.
Өр Қазақтың Тəуелсiздiк қадамын –
Дүниеде…
Бiрiншi боп таныды!
III
Көк Түрiктiң көк аспандай талғамы,
Аманаттың арта түстi салмағы.
Күншығысқа көңiл тiгiп
Көз салған –
Көсем жолын Тұрғыт Өзал жалғады.
Бiрге ұмтылып Өркениет өрiне,
Пайымдады зиялысы,
Ерi де.
Алыс-берiс арта түсiп арада –
Отырысты бiр-бiрiнiң төрiне.
Тəуелсiздiк кеуделерге гүл егiп,
Бердi Құдай сұрағанның тiлегiн.
Көрген түстей,
Келген күштей ғайыптан,
Дүр сiлкiнiп,
Тұғыр теуiп түледiм.
Стамбұл мен Алматыдай қаласын,
Анкара мен Астананың арасын,
Жалғастырып,
Күре жолды көпiр ғып –
Жұрт ағылып,
Тапты жаңа жарасым.
Ер ме,
Өр ме…
Кiмдi аяған бұл жалған,
Даналардың соңында да мұң қалған.
Түркiстанға тəу ете кеп
Өзал да…
Шұғыла боп шығып кеткен шыңдарға.
Адам-пенде бұл өмiрде тұра ма-ай,
Тұрғыт Өзал,
Беу, бəйтерек,
Құлады-ай!
Ұлылардан шыққан сөз де ұлағат –
Соңында бiр тəмсiл қалды мынадай:
Ықыласы кəусарындай бұлақтың,
Елден барған бауырларға ұнапты.
Сонда тұрып,
Бiр ағайын былай деп,
Тұрғыт-бауыр, –
Президенттен сұрапты:
– Өттi-кеттi,
Тоз-тоз қылған азап та,
Бола жатар əлi талай ғажаптар,
Бiр ауыл боп,
Бiр бауыр боп тұратын,
Түркияда, осы, қанша қазақ бар?
Жарықтық-ай,
Қанаттанып, өсiптi,
Арайланып,
Айдардан жел есiптi.
Қалың ойын бiр қауызға сыйғызып,
Құлшыныспен қысқа ғана кесiптi:
– Қос теректей қатар өскен ырғалып,
Қазақ-түрiк қашан-дағы бiр халық!
Менiменен алпыс миллион қазақ бар,
Түркияда,-
Деген екен нұрланып!
IV
Сол бiр сөздер көкiректе жаңғырып,
Қалатындай жүректерде мəңгiлiк.
Аманат та орындалар,
Көк түрiк
Тынысымен,
Ұлы iсiмен таң қылып.
Ататүрiк,
Тұрғыт Өзал,
Демирел,
Нұрсұлтандар…
Туғызған ел кеми ме?!
Тəуба, тəуба,
Ризамын өмiрге,
Соны ойласам сыймай кетем мен үйге!
Жаңылыспа,
Жаратқанның сыйы – бұл,
Толас табар ғасырлардың құйыны.
Түбi бiрдiң – мұраты да бiр болар,
Түркi тектес бiр тiлекке ұйыды.
Ататүрiк Аманаты ақырғы,
Əр қазақтың жүрегiне жақын-ды.
Көк Бөрiнiң көкке өрлеген Ұлдарын –
Ұлы Бiрлiк шыңдарына шақырды
Ататүрiк Аманаты ақырғы!





Пікір жазу