01.06.2022
  121


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Фаэтон ғаламшарының тағдыры немесе тiзгiнге иелiк туралы

Грекия елi – хош
Жаһанның жұмақ жерi бұл.
Күн құдайы Гелиос
Қаңтарып тастап көлiгiн,
Көзiне ұйқы тығылып,
Шаршаған қатты сапарда.
Жата кеттi тынығып,
Аулада қалып от – арба…
Ат емес, кiлең арғымақ,
Қарғып-ақ шығар шепке тез.
Күймесi – алтын,
Зор бiрақ,
Күн бойы мiн де көктi кез!
Жұтынып бəрi алқынып,
Құлақтың түбi терлеген.
Жанары ойнап шарқ ұрып,
Өзгеге тiзгiн бермеген.
Iстейтiн iс жоқ,
Құлы – мың,
Гүлзарда өткен күнi құр.
Түспей ме көзi күймеге,
Фаэтон – жалғыз ұлының?!
Жанарда арман мұнартқан,
Көңiлi көктен күй iлiп,
Қараған сайын құмартқан,
Мiнсем деп тұрды ол сүйiнiп.
Дос-жаран,
Құрбы алдында
Мақтанып қалар кез келдi.
Ептiлiк,
Ерлiк бар мұнда,
Фаэтон соны сезген-дi.
Мiндi де қарғып күймеге,
Көрсеттi ғажап «өнердi».
Ауыздықпенен алысқан,
Аттар да ала жөнелдi…
Сығалап алтын қақпадан,
Достары шулап күледi.
Бетiнен ешкiм қақпаған,
Фаэтон епсiз ұл едi.
Тiзгiндi ұстап тұра алмай,
Есi шығып,
Сасқан-ды.
Аттарды керi бұра алмай,
Өрт жайлады аспанды.
Құдайға қарсы кiм тұрған,
Табарсың қалай амалды?!
Жер,
Орман,
Аң да мыңғырған
Алапат отқа оранды.
Дəулеттi елдiң бар маңы,
Гелиос мызғып тұрғанша,
Қайғы жұтып зарлады.
Нағыз құдай ұрған шақ,
Бiр тентектiң бар əлем.
Ермегiне айналды,
Қала да,
Алып дала кең.
Қасiрет жұтып,
Қайғы алды.
Қырылған мейлi,
Кiм болсын,
Өтелмес құрбан өмiрi!
Жер басып тiрi жүргенсiн,
Құл болса-дағы ол – ұлы.
… Қай тiзгiн де,
Қашан да,
Тимесiн деңiз осалға!
Асудан биiк асарға
Еңсегей Ерлер қашар ма?!
Лайықты ғана қолға алса,
Тiзгiндi…
Гүлдер заман да.
Лайықты оған бар қанша,
Сол билiк құрсын əманда!





Пікір жазу