Қазақ дейтін халық бар
І
Өркениет өлкесінде қалықтар,
Жер бетінде қазақ дейтін халық бар.
Өзі – бала,
Өзі – дана,
Ізгі жұрт,
Ақ-қарасын заманалар анықтар.
Адалдықтың айлағындай жүрегі,
Ары менен
Намысы оның тірегі.
Даласындай құшағы мен
Қолтығы,
Былайғы ел де соны жақсы біледі.
Қызыл тілден бал тамызған түлегі,
Бағзылардан бағы жанған ұлы еді.
Қайғырғанда –
Қазақ болып қынжылып,
Қуанғанда –
Қазақ болып күледі.
Ұлы дала –
Алып жерді мекендеп,
Жазып келген жан жарасын жеке емдеп.
Жырларымды жігеріме жанимын –
Соны ұрпақтар ұмытпаса екен деп.
ІІ
Ел тарихы –
Домбыраның шегінде,
Қазақ десе – күй шалқиды көгінде.
Жоқтауды да өлеңменен өретін
Ақын халық,
Əнші халық тегінде.
Қашан-дағы өмір сүрген мəнімен,
Жоқтықты да жамай білген сəнімен.
Бар бітімді бір шумаққа сыйғызып,
Бесігін де тербетеді əнімен.
Шеттерінен:
Өршіл,
Дархан,
Сері де,
Қасарысса – кезек бермес періге.
Той-думаны əсем əннің сайысы,
Қалжыраса əуез қосар шеріне.
Ықылымнан ыңылдаумен асады,
Шаршағанын сол ыңылмен басады.
Еңсесін де əніменен көтеріп,
Жеңісіне жырдан шашу шашады.
Бір тынбайды бүлкілдеген көмейі,
Күдігі де,
Үміті де үн төгеді.
Бар өмірін əнмен əрлеп өткізіп,
Табытын да əнге орап көмеді.
ІІІ
Қазақ ұлы!
Парызың көп сенің де,
Адастырмас тектілік бар тегіңде.
Түнді тілген темірқазық секілді
Ата дəстүр,
Ата салттан шегінбе!
Аямайды мына заман атысқан,
Шығысты біл,
Барлай қара батысқа.
Қонақжайлық болмас шайлық бүгінде,
Тағаңды да дұрыс қақпас жат ұста.
Досың да бар,
Жауың да тұр іргеңде,
Сене берме сылдырап бір күлгенге.
Арғы атаң жарты əлемге жар салған,
Еуропа ес жия алмай жүргенде.
Іргелі істі қалдырма еш кейінге,
Зерделесін жүрегіңді…
Зейін де.
Бабаларың байрақ ұстап бұрқанған,
Америка ашылғанға дейін де.
Неше жылдар еңбегіміз еш кетті,
Бодан болдық,
Тəуелсіздік кеш жетті.
Тұғырыңа қайта қонар кез келді,
Мықтап ұста қолыңа алған ескекті.