01.06.2022
  130


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Ей, тағдыр-ай, тағы да езгіледің,

Ей, тағдыр-ай, тағы да езгіледің,
Жан жалдайтын жуастың кезі ме еді?!
Жылай-жылай сарқылған сорлы жүрек,
Тағы шаншып кетті ғой…
Сезді нені?!
Адасқанның айыбы алқымдап бір,
Сүреңсіздеу күзгі күн салқындап тұр.
Ақтарайын шерімнің шемен сырын
Қызармасаң қайтейін,
Ал тыңдап тұр!
Жалын атқан жанартау сөнгені ме,
Тұтқиылдан бір тықыр төнгені ме?
Қызу қанды қууға құлшынбайды,
Сенің сайқал ісіңе көнгені ме?!
Көнгені ме,
Жоқ, əлде, шалдықты ма,
Шалдықты ма,
Шарасыз халді ұқты ма?
Ұқтыра да алмайсың
Ықтыра да –
Қасарыссаң қақпанды сал мықтылап!
Маған емес,
Тебінгің тексізге сын,
Қиын қылсаң – арманға жеткізбессің!
Илесең де қаншама – иілмеспін,
Тозаң болып кетсем де – тепкізбеспін!





Пікір жазу