01.06.2022
  132


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Аялай алмасаң да ақыныңды

Аялай алмасаң да ақыныңды
Батыра берме, Тағдыр,
Тақымыңды!
Қинама,
Қан жұтқызып жүрегіме,
Азапқа айналдырма ақылымды!
Ойымды отқа орап,
Жалындат та,
Қайғының қара бұлтын қалыңдатпа!
Келемін өр кеудемді төрге сүйреп,
Əлі де арам терім алынбап па?!
Өзі бір өміріме діттедің бе,
Бəсіре беріп пе едің күткенімде?
Соқпақты сүрлеуіңде сан адасқам,
Жоқ, əлде,
Мені сынап бітпедің бе?!
Ауырға,
Қиынға да пейіл ем мен,
Не пайда, енді саған кейігенмен?!
Бағыңда менің де еншім бар еді ғой,
Мұңымның мұнары бір сейілер ме?!
Түсін тек, талабым бұл,
Шағым емес,
Кімменен кеңесесің – тағы кеңес.
Саған да сипатқызбай сауырымды,
Өртеніп кетуім де кəдік емес!..





Пікір жазу