Екі «Мен»
Бір бойымда екі «Менім» жүр менің,
Бірі – өртеніп,
Біреуі су шашады.
Бір Қадырды қамап қойған түрменің,
Бір Қадыр кеп есігін тез ашады.
Екеуінің толастамас сайысы,
Ерегес пе,
Жорғадайын желеді.
Бір Қадырдың қабырғасы қайысып,
Бір Қадырдың əн салғысы келеді.
Жатса-дағы бар парызы өтеліп,
Талай сұрақ жауап таппай қалады,
Бір Қадырды сезім көкке көтеріп,
Бір Қадырды сабыр жөнге салады.
Екі «Меннің» жетіп жатыр шатағы:
Екі түйсік екі таң боп атады.
Жеңбейді де,
Жеңілмейді ешқашан,
Екі Қадыр итжығыс боп жатады.
Бір Қадыр бар:
Ессіз,
Көзсіз,
Жүгенсіз,
Бір Қадыр бар шеңберінен шықпайтын.
Өмір бірақ өтіп жатыр сүреңсіз,
Біреуі емес,
Екеуі де ұқпайтын.
Кім біледі түбі немен тынарын,
Бозбаладай тарқамайтын желігі:
Бір Қадырды…
Алдап кетсе сыңары,
Бір Қадырды…
Əлпештейді серігі.
Екеудің де арманы асқақ,
Тілеуі ақ,
Бірі шөлдер,
Бірі таңдай жібітіп.
Екеуіне ортақ нəрсе біреу-ақ:
Ешқашанда үзілмейтін үміті.
Ортасында миым қатып жүргенім,
Өрекпідік,
Өршелендік,
Ал, қыздық!
Мейлі,
Мейлі – тарқамасын дүрмегім,
Тек Құдайға жарасқан ғой…
Жалғыздық?!