01.06.2022
141
Тағдыр
«Тағдыр» деп жатады бiлгiрлер,
Мəнiсiн айта алмай,
Мiңгiрлеп.
Мақтайды – қуанса шүлдiрлеп,
Даттайды – қиналса:
«Тұлдыр!» деп.
Тағдырға тап бере алмайсың,
Қалай айт,
Сөзiң де өтпейдi.
Тек қана үмiттi алдайсың,
Еш жерден табылып,
Ешқайда кетпейдi.
Арыла алмайсың жуғанмен,
Шайып та кетпейсiң, тасқанмен.
Жетпейсің қаншама қуғанмен,
Құтыла алмайсың қашқанмен.
Қанаты ешқашан талмайды,
Қалпынан жаңылмай сермейдi.
Ол сенен тарту да алмайды,
Ол саған…
Қарыз да бермейдi.
Əрине, қолыңнан қақпайды,
Əуре де болмайды кешiрiп.
Шоғыңды тұтатып,
Жақпайды,
Лаулаған отыңды өшiрiп.
Ендеше,
Өзiңнiң қолыңда,
Тағдырдың талыстай тiзгiнi.
Өзiңе бастайды жолың да,
Бiлуге тиiспiз –
Бiз бұны!!!