01.06.2022
  118


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Өмір өтіп барады-ай…

Өткел бермес өзендей,
Асу бермес кезеңдей;
Арманымнан айырып,
Қанатымнан қайырып –
Өмір өтіп барады…
Сөз ұқпайтын есердей,
Айықпайтын кеселдей;
Жанықтырып,
Жандырып,
Көңілімді қалдырып –
Өмір өтіп барады…
Сансыраған санадай,
Қансыраған жарадай;
Жал-құйрығын тарамай,
Алды-артына қарамай –
Өмір өтіп барады-ай…
Қанағаты тұсалған
Жаман аты күш алған;
Сезімімді селдетіп,
Емексітіп,
Шөлдетіп,
Өмір өтіп барады…
Береке жоқ,
Бірлік жоқ,
Бəтуалы тірлік жоқ;
Өтті жарар өсектей,
Суып қалған төсектей –
Өмір өтіп барады…
Өртке тиген дауылдай,
Жат боп кеткен бауырдай;
Ит тірлікке телітіп,
Күндерімді кемітіп –
Өмір өтіп барады…
Бұлтарысы,
Белі көп
Қасіреті,
Шері көп,
Періштеден пері көп,
Түсінбейтін жері көп –
Өмір өтіп барады…





Пікір жазу