01.06.2022
  161


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Өміріме

Өріне өмір-таудың өрмеледім,
Көп еді көргенімнен көрмегенім.
Тұзым да жеңіл ме екен,
Кім біледі,
Көбіне сор боп шықты тер дегенім.
Қолымды аспанда Айға сермеп едім,
Жастықтың жалынымен ерлеп едім.
Тартып-ақ алмақ болғам…
Тағдырымның,
Сұрасам –
Тастай қатып бермегенін.
Сол таудың
Тұсалғанмен етегіне,
Ермедім…
Жетесіздің жетегіне.
Үзбедім үмітімді ізгіліктен,
Жаманы бұлтты күннің
Кетеді де?!
Баурайдың бойлай ұшып
Алып бағын,
Құс болып…
Қия белде қалықтадым.
Тұл тағдыр итіндіріп қойғанымен,
Арманды аялаудан жалықпадым.
Кетеді көңілдегі мұнарлы мұң,
Бұлт көшіп,
Тасасынан шығар-ды Күн?
Жалыңа жармасқанмен,
Уа, Өмір,
Тарқамас саған деген құмарлығым!
Жырдайын бұйра бұрым бұратылған,
Қалсам да қырау көміп қыратыңда,
Сейілмес саған деген сағынышым,
Ешқашан мұқалмайды…
Мұратым да!
Қашанда қазан аузы жоғарыда,
Қайтейін қалып уақыт обалына?
Бейнеттің зейнетіне сенбесем де,
Сенемін,
Сағатымның соғарына!





Пікір жазу