01.06.2022
  245


Автор: Дәулет Мұқаев

Клининг

Жеке кәсібін ашуды, өз уақытын өзі басқаруды қалайтын жандардың қатары артпаса, кеміп отырған жоқ. Осы ретте сіз де өз кәсібіңізді ашып табысты жандар қатарынан көріне аласыз. Сонымен кәсіпкерлікте клининг қызметінің түрлері қандай, оны ашу үшін не қажет, қалай бастау керек деген сауалдарға жауап іздеп көрелік.


Клинингтік қызметті бастау үшін төмен мөлшерде қаражат пен тазалау жабдығының аз көлемі ғана қажет. Алайда клинингтік қызметті жолға қойғанда арнайы жабдық, орынжай мен жұмысқа қабілеті жоғары мамандар қатары қажет болады. Мұндай компанияға салынатын қаражат көлемі де ауқымды.


Клинингтік компаниялардың 3 түрі бар: бірі пәтер мен кеңсе тазалауға бағытталса, екіншілері коммерциялық жылжымайтын мүліктерге күн сайын қызмет көрсетуді қолға алады. Ал енді бір компаниялар қызметтің бір ғана түрін таңдайды, мысалы кілем жуу, киімдерді химиялық тазалау қызметін ұсынады. Компания үлкейген сайын, оның көрсететін қызмет түрлері де артады.


Клининг саласында бизнес бастаудың екі тәсілі қолданылады. Біріншісі – нақты бір клиентке арнап бастау. Мысалы сауда орталығы немесе басқа да бір ірі нысанның тазалау жұмыстарына келісіп, жаңа кәсіпті бастауға болады. Мамандар қатарын жасақтап, тиісті жабдықтарды алғаннан кейін уақыт өте келе тәжірибе жинақталады. Одан кейін тапсырыс берушілердің қатарын арттыруға болады.


 


Сонымен қатар бір ғана бағытта қызмет көрсету, айталық кілем жуу, еден тазалау секілді түрлерін ғана таңдау арқылы мамандану. Шағын компания бірнеше тәжірибелі маманмен заманауи тазарту құралдарын пайдала отырып қызметтің бір ғана түрін көрсетеді. Жауапкершілік пен адал қызмет ету тұтынушылар қатарын арттырмай қоймайды. Клинингтік компанияға арнайы кеңсе қажет емес. Тапсырыс қабылдау үшін телефонға жауапты адам болса болды. Уақытылы тапсырыс қабылдап, жұмысшыларды жөнелтіп отырса жеткілікті. Әрине, кеңсесіз фирманы елестету қиын. Уақыт өте келе тұтынушылар қатары көбейген соң, қызметкерлердің қатары да, қолданатын заттар да артады. Сол уақытта жайлы әрі қолайлы орын іздестірген абзал.


 


Ал клиент қатары қалай көбейеді? Көптеген компаниялар бастапқы тапсырысты таныстары арқылы алады. Бұл расталған. Ең тиімдісі ауқымды нысаннан тапсырыс алу. Ара-тұра түскен тапсырысқа қарағанда күнделікті қызмет көрсету бизнестің тұрақтылығы мен дамуына кепілдік береді. Ал жай ғана жарнама беру арқылы тұтынушы табу бұл салада тиімсіз. Себебі қызмет көрсету сапасына қарай клиенттер біріне бірі ұсынады, осылайша сіздің қызметіңізді сатуға көмектеседі.


Қызметкерлер қатары. Клинингтік компанияда көп жағдайда менеджер, диспетчер мен тазалаушы мамандар болады


Клинингтік қызметте қолданылатын құрал- жабдықтар. Пәтер, кеңсе тазалауға тапсырыс берушілер  гипоаллергенді  заттардың  болғанын


 


қалайды. Үй жануарларын асыраушылар арнайы иіс кетіретін, тазартатын құралдарға тапсырыс беруі ғажап емес. Осындай ерекшеліктерді ескере отырып, сапалы құралдарды қолданған абзал. Бұл ретте нарықты зерттеп алған абзал. Тіпті клининтік қызмет көрсететін компаниялармен хабарласып, олардың қызметін пайдаланып көру де жұмысыңызды реттеуге көмектесері анық.


 


Табыс қалай түседі? Бұл кәсіпте де кез келген бизнестегідей тапсырысқа қарай табыс артады. Дегенмен ауқымды тапсырыс алуға ұмтылу – аз уақытта көп қаражат табудың көзі. Клиентке адалдық, жауаптылық пен ұқыптылық – тұрақты тапсырыстың кепілі. Клинингтік фирмалар тазалау жуу ғана емес, сондай-ақ сантехникалық, электрлік, ұсталық және басқа да қызметтерді қоса алғанда табысы артады. Тиісінше жұмысшылар қатары да көбейеді.





Пікір жазу