Жаяу жүрген талант
Демалыс күні аудан орталығына бармақ боп жолға шықтым. Бүгін ав- тобус жүрмейтінін білсем де, өткен-кеткен машиналарға міне салармын деп, қара жолдың қақ ортасына тұрып ап, машина күттім. Әрі күттім, бері күттім, жоқ. Жайшылықта ағылып жататын еді, мен күткенде тыйылып қапты. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, әйтеуір бір кездесер дедім де, аудан жақты бетке ұстап, тартып отырдым. Ауылдан көп ұзамай-ақ өзім сияқты бір жолаушыны кездестірдім. Ол мен сияқты жүріп келе жатқан жоқ, жол жиегінде ұйықтап отыр. Перронға жақындаған паровоздай пыс- пыс еткен екі танауына басына киген ши қалпағы түсіп кетіпті, сірә, кең болса керек.
Күтпеген жерден серік табылғанына қуандым. Оятпақ боп қаттырақ бір жөткірініп едім, сабазың түк сезетін емес.
– ...Һм.., жолдас, ояныңызшы... – деп, бүйірінен түртіп едім, ол қолымды жай ғана итеріп:
– Айналайын, Мәржәпия, өйтіп қытықтамашы! – деді де, қайтадан ұйықтай берді. Менің шыдамым таусылды.
– Жолдас, есіңіз дұрыс па?
– Ә-ә? Не-е?.. – деп ұшып тұра келді.
– Мен Мәржәпия емеспін.
– К-кешіріңіз!.. Апчхи!..
Көзін жұмып, аузын кере бір түшкіріп алды да, түс көргенін айтты. Түсінде Мәржәпиясы (сүйген қызы болса керек) аймалап құшақтаған көрінеді. «Тауықтың түсіне тары кіреді» деген осы да дедім мен ішімнен. Ол да ауданға барады екен. Өзінің айтуына қарағанда, талантты ақын боп шықты. Талай рет атағы шыққан композиторлардың өзі де, «көкетай, әніме сөз жазып берші» деп соңынан қалмай жалынып жүріпті. Тіпті жақын ара- да баспадан өлеңдерінің жинағы шықпақ, онда лирика дейсің бе, сықақ дейсің бе, не керек, бәрі де бар екен.
Мұншама талантқа мекемелер қалай ғана көлік бермей жүр екен деп таңданып, таңдайымды қағып келем.
Әңгімемен жол қысқарып біраз жүріп тастағанымызда, артымыздан бір май таситын машина қуып жетті. Екеуіміз қол көтеріп тоқтаттық.
– Аға-еке, ала кетші!
– Немене, көрмей тұрсыңдар ма? Кабина бос емес қой. Ал цистерна- ның үстіне отырып барам десеңдер, пожалуйста, – деді бізге шофёр. Амал- сыздан көндік. Бізді цистернаға отырғызып ап, машина ауданға тартты. Желдің екпінінен серігімнің қалпағы ұшып кетті.
– Мейлі, – деді ол, – жанымның садағасы! Кешке таман ауданға жеттік-ау, әйтеуір!
Шеткі көшелердің біріне түсіріп кетудің орнына бізді дырылдатып орталыққа алып барды.
– Қалай амансыңдар ма? – деді шофер кабинадан басын шығарып...
– Шүкір...
Машина жөніне кетті. Серігім айырыласар алдында:
– Жігітім, таныспаппыз ғой, атыңыз кім?
– Жұрын. Сіздің ше?
– Судырақов Көпірік. Газет беттерінен кездестірмеп пе едіңіз?
– Ә?... Иә, солай екен ғой, айтпақшы! – дей салдым. Басқа жұрт көрсе көрген шығар, бірақ мен әлі кездестіргем жоқ. Түнеп шыққан үйден бұл ақынның «ақын» емес, алыпсатар саудагер екенін білдім. Талай рет тор артында да отырыпты.
Келесі күні кетерде әлгі жаңа танысымды тағы да кездестірдім.
«Астанаға бара жатырмын», – деді ол, астанаға деген сөзді «Меккеге бара жатырмын» дегендей баса айтып, кітап мәселесімен болса керек. Бұл сөзін мен базарға бара жатырмын деп түсіндім. Өзінің түр-тұлғасы: ұзын бойлы, жалтыр бас, қарны қампиып, аузы-мұрнынан шыққан қызыл чемо- даны бар.
Танысаңыздар шығарған әндеріңізге сөз жаздырып алыңыздар. Өте талантты ақын!