31.05.2022
  360


Автор: Марат Нұрқалиев

Айсаның ақындығы

Қожанасырдың сонау Арқа төсіндегі Торғай өңірінде өмір сүрген Айса деген әулие туысы туралы халық арасында тараған, баспасөз бетінде жарық көрген аңыз-әңгімелер көп. Біздің бұл жолғы сұхбатымыз сол Айсекеңнің алапат ақындығына арналады.
* * *
..Ішінде Торғайдың топжарғаны атанған ақиық ақын Нұрхан Ахмет- беков бар, бір жиын-тойға қаңғалақтап жүріп Айса да тап келіпті. Қарап отырғанша көңіл көтергісі келген бір қулар:
– Айсеке, атағы алысқа кеткенімен, Нұрханның ақындығы сіздікінің жанында немене, тәйірі! Айтысып, аптығын бір басып тастаңызшы! – деп қайрап салса керек.
Сол сол-ақ екен, Айсекең қамшысын кесе-көлденең ұстап, домбыра- ша қағып-қағып жіберіп:
– Баласы Ахметбектің ақын Нұрхан, Менімен айтысуға
Бір өлең дайындап қойшы. Зибаш-ау,
Қасың бар қара қиғаш-ау! – деп «төгіп» жіберсін. Заманы бір Ай- секеңнің сырын жақсы білетін Нұрхан мәз болып күліп:
– Жеңілдім, Айсеке, жеңілдім, саған шамам қайдан келсін! – деп «мо- йындапты...»

* * *
Содан «Нұрханды жеңген» Айсаның ақындық даңқы бүкіл Торғай то- рабына тарап, бас қосқан жерде жұрт одан өлең айтуды қолқалайды екен. Мүдіруді білмейтін Айсекеңнің, «базардан алып келген жезді құман» де- ген сияқты, «Зибаш-ауы» дайын тұрады:
– Аспанда ұшып жүрген боталы түйе, Соңына оның ерген құлынды бие, Торайлар жүр тоғайда былқ - сылқ етіп, Зибаш-ау,
Қасың бар қара қиғаш-ау!
Мұнысы жарықтық Қожекеңнің ұйқыда жатып шығарған:
«Сары жапырақтар арасында тауықтар жүр» деген өлеңімен үндесіп жатқан жоқ па?!.
* * *
Айсекең ауданның білдей бір мекемесінің дыңдай бастығы болып тұрғанда, ел ішін ат-арбамен аралайтын-ды. Бірақ арбасы ескі, доңғалақ- тары қисық, аты да ыңыршағы айналған жауыр болса керек. Бірде ол кісімен сапарлас болып келе жатқан Балғабай дейтін қу тілді жігіт:
– Арбаңның доңғалағы салады ирек, Келеді жаман атың зорға сүйреп. Айсеке-ау, бір ат тауып мінбедің бе, Тұрғанда Торғайыңды өзің билеп? –
деп қағытқан екен:
– Балғабай, оны маған не деп айтып отырсың? Өзім де бір ат тауып мінемін ғой,
Зибаш-ау,
Қасың бар қара қиғаш-ау! –
деп, серігінің «аузына құм құйыпты...»
* * *
Айса жолаушылап келе жатып, Тәуіш деген ауылға соқса, бір үй келін түсіріп, оның бетін ашатын адам таба алмай, сабылып жатыр екен. Бір қалжыңбас қарап отырмай:
– Құдай-ай! Айсекең тұрғанда келіннің бетін басқа кім ашушы еді! – деп ернін сылп еткізіпті.
– Әрине, бет ашу бізден қалған шаруа ғой, – дейді бұл бөсіп.

Оның сырын онша білмейді ме, әлде көлденең көк аттыны құтты қонақ санады ма, әйтеуір, той иелері домбыраны Айсекеңе ұсынды. Ақын домбыраны қолына алып, ұзақ шертіп, толғатып отырды да:
– Уа, қарағым,
Енді бүгін қатын болдың! Зибаш-ау,
Қасың бар қара қиғаш-ау! – деп, келіннің бетіне жабылған жібек ора- малды жұлып алыпты. «Бір тойда екі жар жоқ» дегендей, бұл беташары той иелеріне ұнасын-ұнамасын, шаруа осыменен тыныпты. Ал осыдан кейін «Айсекең бет ашыпты» дегенді естімедік...


 





Пікір жазу