Күтпеген қонақтар
Келесі күні Мешін ауданнан көмекке екі милиционер жігітті ертіп келді. Үшеуі кеңседе Маржан тұратын үйдің иесі – жалғыз кемпірді тер- геп отырғанда, аудан орталығынан автобус келіп тоқтады. Ішінен жұртпен бірге бейтаныс қарт кісі мен орта жастағы әйел түсіп, тура кеңсені бетке алды. Оларды терезеден көріп отырған кемпір:
– Ойбай-ау, мына кісілер Маржанның әке-шешесі ғой. Суреттерін көріп едім. Енді қайттік, бәтіреке-ау...
Сөйткенше болған жоқ, қонақтар кіріп келді. Әйелдің көзі бұлаудай. Күйеуінің қабағы түксиіп кетіпті, көзәйнегі мұрнының ұшына түсіп, мұртына сәлем беріп тұр. Бір жақ бетінің тамыры тартып, аузы қисая бастаған Мешін тамағына балықтың қылқаны тұрып қалғандай қайта- қайта қақырынып, сөзге әрең келді:
– Қо-қош келіпсіздер, құрметті қонақтар!
– Жан дегенде жалғызымызды қайда жібердіңдер, кәне? – деп дауыс қылды Маржанның шешесі Мешіннің жағасына жармасып.
– Ба-ба-байқамай қаппыз! Сө-сөйтсек, Маржантай ө-ө-өнерпаздарды жиып алып, ма-малшыларға кәнсерт қойып жү-жү-жүр екен... –деді ол кекештеніп.
– Ә? – деді қыздың әкесі көңілі сәл орнына түскендей болып.
– Иә, иә, өзі сондай өнерлі бала... – деді Мешін міңгірлеп.
– Уһ! – деп қонақтар сылқ етіп диванға құлай кетті.
– Маржан біздің үйде тұрушы еді, жүріп қонақ болыңыздар! – деп жауапталуға келген кемпір олардың естерін жиғызбай ертіп алып кетті.