31.05.2022
  217


Автор: Марат Нұрқалиев

Телеграммалар

Құдайдың да таңы атты. «Кешегіден» кейін кестесі келіспей, басы ауырып, түске қарай әрең оянған Мешін мең - зең күйі төсегінде мелшиіп біраз отырды. Мөлиіп, келіншегіне жаутаң-жаутаң қарағанымен, ол кісінің жуық арада «ем-дом» жасай қоятын ықыласы байқалмаған соң, сүметіліп киіне бастады.


Кеңседе оны селолық кеңестің төрағасы тықырши күтіп отыр екен.


Оның да басы басқа біреудікіндей.


– Забқұлып қыздан еш хабар жоқ, Мешін қарағым, енді қайттік?


– Ауылдың басқа адамы түгел ме екен? – деп сұрады Мешін.


– Бәрі орнында. Тек Сопақбастың Бықпырты ғана кеше ауданға әскери ушотқа тұруға кетіпті. Өңгесі түп-түгел.


– І-ім, – деп Мешін ойлы пішінде ыңырсып едәуір отырды. Төрағасы бұның аузын бағуда.


– Жеке іс қағаздарынан туған жерінің адресін тауып алып, телеграмма соғу керек! – деді Мешін бір кезде жерден жеті қоян тапқандай.


– Дұрыс! – Төрағасы қуанып кетті.


«Маржан прапал. Думайм она поехайт к вам. Срошна собщайте» деген сақаулау шұғыл телеграмма «Қостанай қайдасың?» деп жөнеп кетті. Пред- седатель мен учаскелік инспектор осымен бұл шаруаның басын қайтардық дегендей, поштадан шіреніп шықты.


 


Мешін үйіне тақай бергенде, соңынан велосипед мінген Жылтыңқара қуып жетті.


– Иә, батыр, сөйле!


– Маржан тәтейді іздемейміз бе?


– Қайдан?


– Кім біледі, біреу-міреу алып қашып жүрмесе...


Мешін ойланып қалды. Расында малды ауылдарда бойдақтар толып жатыр. Екеуі мотоциклге мінді. Жайлаудан жайлау қалдырған жоқ. Барған жеріндегілер де ұзынқұлақтан естіп отыр екен, қылжақтап, бұлардың әуресін шығарды. Ал анау қыңыр сөйлемесе, ішкені ас болмайтын Ай- бас шал: «Е, менде үйленетін ұл жоқ, сонда маған тоқал болып тиеді деймісің?» – деп бас салды...


Мешін мен Жылтыңқара келесі күні түске таман орталыққа оралса, бұларды шұғыл телеграмма күтіп тұр екен:


«Маржан не приезжала. Что случилось? Волнуемся. Родители».


Ал керек болса! Мешін мүлт кеткенін сонда бір-ақ білді. Көзі жыпылықтап, Жылтыңқараға қарай берді. Ол болса бәріне өзі кінәлі адам- дай, танауын қорс-қорс тартып, жүзін төмен салып тұр.


– Тәк, Жылтыңқара, ауыл маңын өзің бақылай тұр. Мен ауданға кет- тім, – деді де мотоциклын дүр еткізді...





Пікір жазу