31.05.2022
  174


Автор: Марат Нұрқалиев

Байым жоғалды!..

– Әй, ушәскебай қайным-ай, барсың ба, жоқсың ба, ой-ба-ай?
Шашы қобырап, орамалы бір шекесіне қарай қисайып кеткен кеспел- тек денелі, қайыстай қара келіншек учаскелік инспектор үйінің қақпасын қақырата соғып тұр. Тамылжыған таңғы тыныштықтың шырқын бұзған бұл бажылдан шошып оянған инспектор далаға дамбалшаң атып шығып, іле қайта кірді де, абдырап, шалбарын теріс киіп келді. Айналып кеткен екі қалтасы есектің құлағындай екі жаққа ербиіп тұр.
– Не б-боп қ-қалды, Дұлу жеңгей?
Долы мінезі мен шайпаулығының арқасында әп-әдемі Айсұлу деген атынан әлдеқашан айырылып қалған бұл әйелді бүкіл ауыл қазір Дұлу деп атайтын.
Алау-далау болған Дұлу ойбайын одан әрі үдетті:
– Ойбай-ау, ай-күн аманда ағаңнан айырылып қалдық қой! Екі күн бұрын анау Ащысайдағы атауын ішкір Айбас шопанға ауыз су әкетіп еді, жаңа сол ауылдан келген Сопақбас қайынаға: «Мәшинесі жолда жатыр, ал Тәйтіктің өзі түгіл, ізі де жоқ!» – деп кетті. Сонда менің сол солбырайған сумұрынымды жын көтеріп кетті ме, кім көтеріп кетті, ә?.. Ой-бо-боу, қыздай қосылған қосағым еді, алты баламның әкесі еді, асқар тауым еді, бұ қу шұнақ Құдайға не жазып ем, ойбай?..
...Учаскелік инспектордың азан шақырып қойған Мешітбай деген дені дұрыс аты бар еді, оның едірейген мұрты мен көдедей самай сақалына қарап, жұрт Мешін деп ат қойған. Жалпы бұл ауыл кәрі-жасына қарамай ат қойып, айдар таққыш-ақ... Міне, енді сол Мешініңіз мұрты жыбырлап,
«тәк, тәк» деп ойланғансып тұр.

– «Тәк-тәк» деп тақылдағанша матасекіліңе мініп, барып келмеймісің бар болғыр-ау! – деді Дұлу күйіп-пісіп. – Осыдан байымды тауып бермесең, тура ауданға жазамын немесе көзіңді көкшитіп өзіңе тиіп аламын, білдің бе. Сонда көрермін тақылдағаныңды, көкшешек!..





Пікір жазу