31.05.2022
  213


Автор: Марат Нұрқалиев

Өнерге әркімнің-ақ бар таласы...

Вокалды-аспапты ансамбльдер төңірегінде сөз қозғағанда ең алдымен Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаттары «Дос-Мұқасан» мен «Айгүл» ансамбльдерін ауызға аламыз. Дегенмен бұл күнде кең бай- тақ республикамыздың түкпір-түкпірінде профессионал коллективтермен қатар, құнарлы топыраққа түскен дәндей қаулап өскен әуесқой коллектив- тер де көптеп саналады. Солардың біразының аталмыш өнер саласында жеткен жетістіктері де айтарлықтай.


Арғы-бергі кезеңді ойша шолып қарайтын болсақ, біздің өз облы- сымызда да өнердің өркен жаюы, оған көрсетілер сый-сияпат өзге жер- лердегіден ешбір олқы соға қоймайды. Облыс өз алдына отау құрып, енші алғаннан бергі уақыттың өзінде де жергілікті өнерпаздарымыз та- лай сәтті қадамдарымен қуантып келеді. Алайда біздің әңгімеміз асқан асу, қол жеткен табыстар жөнінде емес, өйткені олар туралы мерзімдік баспасөз бетінде уақытында жазылып отырады. Бүгінгі әңгімеміздің өзе- гі – көркемөнерпаздарға деген қамқорлық жайлы көптен көңілге түйген ойлар.


Облыс көлемінде жыл сайын өнер сайысы жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Соларда бізде танылмай жүрген таланттар толып жатқаны айқын байқалып жүр. Оның сыртында кейбір ұйымдардағы, мекемелер мен оқу орындарындағы жастар өз беттерінше ансамбль құрып, қолдары бос уақыттарында өнермен сырласуға, оны игеруге талпынады. Міне, осындай кездерде оларға бағыт-бағдар сілтейтін, ақыл-кеңес беретін, талаптарын жани түсетін ықпал ауадай қажет-ақ. Бұл орайда біздің жағдайымыздың орта түсіп, олқы соғып жатқаны жасыратын нәрсе емес.


Ең алдымен жастардың музыкаға құмартуы, құштарлығы, эстра- да өнерінің қыры мен сырына қызыға үңілуі – қуанышты құбылыс. Өте қарапайым әрі «төменқол» деп есептелетін ансамбльдердің өзінде де игі талпыныс, игі ықыластың нышаны сезілмей ме?! Радио, теледидардан және магнитофон, күйтабақ секілді құралдардан тыңдап тамашалау- ды қанағат тұтпай, жастар музыканы өз қолдарымен, өз жүректерімен жасағысы келеді, нағыз «тірі» музыкаға ұмтылады. Бұл – тамаша қасиет.


Кезінде біршама еліктеушілік желік тудырған «батыстық» жеңілтек әрі даңғаза әуез уақыт сынына төтеп бере алмай, бірте-бірте салмақты, салиқалы, терең мазмұнды және көкейге қонымды, жүрекке жылы көркем шығармаларға орын берді. О баста электр аспаптарына, оны- мен жарақтанған ансамбльдерге онша мән бермеген (тіпті жан-тәнімен ұнатпаған) беделді мамандар да мұндай коллективтерге ерекше назар ау- дарып, ақыл-кеңестерін беріп, бағыт сілтеп отыратын болды. Біздіңше, мұның ең басты себебі вокалды-аспапты ансамбльдердің фольклорлық шығармаларға, классикалық туындыларға, саяси, азаматтық әндерге ден қоюы. Халықтық мол мұрадан нәр алған ансамбльдер бұл күнде көпшілік қалаулысына айналып отыр. Халық әндерін жаңаша бір нақыш, жаңаша бір бояумен көрсетуде, алысқа бармай-ақ, әлемге әйгілі болған «Дос- Мұқасан» талай ғажаптар жасап жүр.


Жалпы ғылыми-техникалық прогрестің мәдениет дамуына игі әсер ететіні сөзсіз. «Даңғырлақ» электр аспаптары эстрада өнерінің көрнекті құралдарының біріне айналды. Өйткені, ондай аспаптар «көктен түскен» жоқ, бұрыннан бар дүниелер (соло, ритм, бас гитаралар, орган т.б.). Тек олардың материалдық-техникалық жағы ғана өзгерді. Сөйтіп, электроника өнерден де өз еншісін алды. Жалпы алғанда, электромузыкалық аспаптар- мен жарақтанған вокалды-аспапты ансамбльдер эстрада өнері саласында тенденция ретінде берік орын алды деп, батыл тұжырымдауға болады.


Дегенмен мұндай коллективтер дүниеге келуімен қатар өздерімен бірге көптеген проблемаларды да ала келді. Өзіне шыңдап көңіл бөлуді талап етті.


Тегінде, вокалды-аспапты ансамбльдер бір-бірінен жетекшілерінің мамандану дәрежесіне, олардың музыкалық әзірлігіне, талғамына, әндерді және басқа да шығармаларды ансамбльге лайықтап мәнерлеу (аранжиров- ка) шеберлігіне қарай әртүрлі деңгейде болады.


Осыған орай, арнаулы музыкалық білімі бар (қай дәрежеде болса да) коллектив жетекшілерін айтпағанда, әуесқой өнерпаздарға қамқорлық көрсету, оларға аталмыш өнердің қыры мен сырын үйрету, баулу мәселелеріне жеткілікті түрде назар аударылмай отырғанын айтпасқа бол- майды. Тіпті ондай қамқорлық атымен жоқ деп кесіп айта аламыз. Өйткені, облысымыздың ешбір жеріндегі ешқандай мәдениет мекемесі бұл мәселе жөнінде мақтана алмайды.


Шаруашылықта ұстаздық, жетекшілік қозғалыс қандай келісімді орын тапқан болса, ән «шаруашылығында» да ол ауадай қажет-ақ.                                                                                                                                                   


Аудандарымызда жақсы музыка мамандары жоқ емес. Егер олар энту- зиаст жастарға жетекшілік жасап, ақыл-кеңес беріп, бағыт сілтеп отырса, нұр үстіне нұр болмай ма?!


Білікті мамандар тарапынан игі ықпал жасаудың қажеттілігі ан- самбльдердің басым көпшілігінің бірін-бірі айнытпай қайталауынан, әсіресе бел алған беделді коллективтердің (мысалы, тағы да «Дос-Мұ- қасан») орындаушылық тәсілдерін, мәнерлерін қайталау, тіпті көшіріп алуынан да көруге болады. Музыкалық шығармаларды орындаудың жа- ңа тың жолдары мен формаларын іздеп табуға көптеген ансамбльдердің сауаты мен тәжірибесі, фантазиясы жетіспей жатады. Вокалды-аспапты ансамбльге қатысушыларды белгілі бір әзірліктен өткізу жүйесі тура- лы ойластырған жөн бе дейміз. Айталық, республикамыздың біршама қалаларында әуесқой өнерпаздардың, жас авторлардың семинарла- ры өткізіліп тұрады екен. Ал бізде мұндай бар ма, жоқ па, ол жағы белгісіз...


Сондай-ақ, орындаушылық ұқсастықтардың басты себептерінің бі- рі – репертуар тапшылығы, жұтаңдығы. Бұл орайда жергілікті маман және әуесқой композиторларымыз бен ақындарымызға талай өкпе-наз ай- тылса да, іс айтарлықтай ілгері баса қойған жоқ. Шамасы, бұған оларды ынталандыру шараларының, ұйымдастыру, жұмылдырудың сәтті жолға қойылмағандығы әсер етсе керек деп ойлаймыз. Композиторлар мен ақындардың тығыз (қайта-қайта айтылып жүрген мәселе) творчестволық байланысын күшейте түспейінше бұл салада табысқа жету қиын. Облысы- мызда әуесқой композиторлар баршылық. Мәселен, Бақытжан Сәуекенов, Қалибек Деріпсалдин, Қонысбай Әбілевтерді білмейтіндер кемде-кем. Олардың музыкалық туындылары, әндері көбінесе ауызша таралады.


Тағы да бір айта кететін жәйт – концерттік программа жасау. Мұнда эстетикалық талғампаздықтың алар орны ерекше екені сөзсіз. Кей-кейде орындаушылық қабілеті жап-жақсы ансамбльдердің өзінің де тақырыбы мен характері жағынан айырмасы жер мен көктей шығармаларды ретсіз сапырылыстырып, «мозаика» жасауы жиі ұшырасып отырады. Халық әндері, қазіргі әндер, шетел әндері бірінен соң бірі орындалып, олардың әрқайсысы туралы пікір қалыптастыруға шама келтірмейтін программа тыңдаушылардың «есін шығарары» ақиқат. Сонымен қатар, программаға тексті нашар, бір-ақ әуезінің әсерлігімен бүркемеленіп кететін әндер жиі енеді. Қазіргі тыңдаушының талғамы өте жоғары екені көп жағдайларда ескеріле бермейді. Ал шалағай концерттен жұртшылық демалып емес, жүйкесі жұқарып қайтады. Демек, өнер сынын да өткірлей түсу қажет.


Вокалды-аспапты ансамбльдердің аспаптық резервтері мол. Дұрыс іріктеп пайдалана білген ретте аталмыш ансамбльдерде қолдануға болмайтын аспап жоқтың қасы. Өзіміз куә боп жүрген көрікті көріністердің бірі – профессор Болат Сарыбаев сынды мамандардың қолынан қайта жаңғырып жатқан ұлттық көне аспаптардың, халқымыздың баға жетпес асыл мұраларының пайдаланылуы. Жетіген, шертер, сазсырнай, үскірік, даңғыра, асатаяқ, сылдырмақ, шаңқобыз, сыбызғы сияқты музыкалық аспаптарды игеруге назар аудару қажет десек, бұл – ауылы алыс қиял деп ешкім айта алмас. Бір айта кетер жайт – музыкалық аспаптармен қамтамасыз етудегі кемшіліктер. Бұл арада әуесқой коллективтерді былай қойғанда, мәдени мекемелердің де шылқып отырғаны шамалы.


Жалпы алғанда, вокалды-аспапты ансамбльдердің қазіргі жай-күйі, осы заманғы эстрада өнерінің дамуындағы алатын орны, жастардың эстетикалық талғамын қалыптастыруға тигізетін ықпалы жөніндегі мәселе асқан жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Өнерпаз коллективтердің күн санап көркейе түсуіне облыстық мәдениет басқармасының, аудандық мәдениет бөлімдерінің, мәдениет үйлерінің, концерттік ұйымдардың, халық творчествосы үйінің, газеттер мен облыстық радионың тигізер пай- дасы зор.


Әдетте жыл сайынғы фестивальдар аралығында «тылсым тыныштық» орнайды. Ешқандай ән мерекесі, әртүрлі конкурстар (жанрлар бойынша) өткізіле бермейді. Сондықтан таланттардың танылуы қиын. Кей-кейде республикалық өнер жарыстарына кімдерді, қандай коллективті жіберу мәселесі тұйыққа тірейді. Апыл-ғұпыл, шала-пұла аттандырған өкілдеріміз көп жағдайда табысқа жете бере ме?! Осы мәселелерді салмақтап, бір жүйеге салатын уақыт әлдеқашан жеткен. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бір жеңнен қол шығарған жағдайда бұл – қолдан келмейтін іс емес. Ол үшін ұлттық өнерімізге деген шынайы жанашырлық сезім, нақты істер қажет.





Пікір жазу