Бас
Басты сыйлап кие тұту əу бастан,
Дəстүр еді бабаммен бір жасасқан.
Ең əулие ұлығына бас тартып,
Ең қадірлі мейманына бас асқан.
Үлкен мəн бар бас деген бұл ұғымда,
( Бір шөкім ет, қу сүйек деп ұғынба!)
Басты сыйлап-сыйлауды ұққан басшыны,
Басқа ұрмаған малындағы, құлын да.
Ең бергісі қу бастың да сүйегін,
Биікке іліп, санайтұғын киелі...
Бұл күндері талай басы соғымның,
Күресінде жатқанына күйемін.
Мұны көрген ұрпақ қалай азбайды?
Кекірелік кесепаты аздай бұл -
Жол шетіне төккен басты көргенде,
Жауапкердей, жерге кіре жаздаймын.
«Бар жазығым бергенім бе етімді,
Енді қайтіп көрмейсің бе бетімді?» -
Осылай деп, қоңыр үнді қоңыр қой,
Мұңын шағып маңырайтын секілді.
Тоқшылық-ай, не істетпедің шынында,
( Еш сұрауы болмас деме мұның да).
Бүтін ауыл талшық етіп бір басты,
Аман қалған ашаршылық жылында.
Бабам басты деп санаған: «несібем»,
Сол дəстүрді шығарған кім есінен,
Жол шетіне басты төгіп кеткеннің-
Дастарқанды таптағаннан несі кем?!
Əй, керімсал келіндер-ай, келіндер,
Астамшылық басқа тиер тегінде,
Жұмыс көрер сұрпы еттен басқаны,
Бұл қылмысқа қатысың бар сенің де!...
Жақсы дəстүр ұмтылмасын, тозбасын,
Ол-халықтың ар-ұжданы, көз жасы,
Ақымақтар басты сыйлай білмеген,
Сыйлата алмас, сыйлай алмас өз басын.
Бас тағдыры көкіректі қозғасын,
Басты сыйла! Бассыздық іс озбасын!
Əнебіреу бастар жатқан қоқыста,
Тітіреймін жатқандай-ақ «өз басым»