31.05.2022
  170


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Кел, достарым

Кел, достарым, келіңдер, төрге өтіңдер,
Өткен – кеткен күндерден тербетіңдер.
Айырмасын күлкіден жанымызды,
Аман-есен жүргенде Жер бетінде.
Қалайық бір бас қосып, сыр сұрасып,
Наз айтысып, көрісіп, шұрқырасып,
Шалқып-тасып, дуылдап отырайық,
Жүректердің пернесін бір күн басып.
Қайда ғана баяғы əзілдерің,
Əзілдерің, жарасты наз үндерің?
Ұмытайық самайдың ақ шаштарын,
Ұмытайық маңдайдың əжімдерін.
Көз алдында бəрі де: кеше еді ғой,
Адам деген мұнша тез өседі ғой,
Ана отырған – түйнегі Мұқапидың,
Мына отырған – Мəмейдің шешегі ғой.
Кеше гана еді ғой, кеше еді ғой,
Бастан дəурен осылай көшеді ғой.
Ана отырған – Ыданның боқмұрыны,
Мына отырған – Зет шалдың кеселі ғой.
Кеше кім ек, кім болдық бүгінгі біз,
Бал-бұл еске түседі-ау бұрынғымыз,
Ана отырған байсалды бəйбішеңіз,
Кеше ғана ед сепсекей тұлымды қыз.
Кел, достарым, келіңдер, төрлетіңдер,
Ақ жарылып жүректі тербетіңдер,
Айырмасын күлкіден жанымызды,
Аман – есен жүргенде жер бетінде!





Пікір жазу